unfoldingWord 30 - Исаның бес мың адамды тамақтандыруы
Outline: Matthew 14:13-21; Mark 6:31-44; Luke 9:10-17; John 6:5-15
Script Number: 1230
Language: Kazakh
Audience: General
Genre: Bible Stories & Teac
Purpose: Evangelism; Teaching
Bible Quotation: Paraphrase
Status: Approved
Scripts are basic guidelines for translation and recording into other languages. They should be adapted as necessary to make them understandable and relevant for each different culture and language. Some terms and concepts used may need more explanation or even be replaced or omitted completely.
Script Text
Иса Өзінің елшілерін Құдай патшалығы туралы адамдарға тәлім беріп, уағыздауға әр ауылдарға жіберген еді. Олар Исаға қайтып келгеннен кейін өздерінің не істегендерін толықтай айтып берді. Иса оларға кішкене тынығып алу үшін көлдің арғы бетіне жүзіп баруды ұсынды. Олар қайыққа мініп көлдің арғы бетіне жүзіп кетті.
Көптеген адамдар Исаның шәкірттерімен бірге қайықпен жүзіп кеткенін көрді. Осы адамдар арғы бетке Исадан бұрын жету үшін көлдің жағасымен жүгіріп кетті. Сондықтан Иса шәкірттерімен бірге арғы бетке жеткенде оларды қарақұрым халық күтіп отырды.
Сол халықтың ішінде әйелдер мен балаларды есептемегенде бес мыңнан астам ер адам болды. Иса бұл адамдарға қатты жаны ашып кетті. Иса үшін олар бағушысы жоқ қойлар сияқты болды. Сондықтан Иса оларға көп нәрсені үйретіп, ауырғандарды сауықтыра бастады.
Кешке шәкірттері Исаға: “Кеш батты. Жақын жердегі ауылдарға барып, өздеріне азық-түлік сатып алулары үшін оларды таратып жіберіңіз.” — деді.
Бірақ Иса шәкірттеріне: “Сендер оларға тамақ беріңдер!” — деді. Шәкірттері жауап беріп: “Мұны қалай істей аламыз? Бізде тек бес күлше нан мен екі кішкентай балық қана бар.” — дейді.
Сонда Иса Өзінің шәкірттеріне халықты көгалдың үстіне елу адамнан отырғызсын деп бұйырды.
Осыдан кейін Иса бес күлше нан мен екі балықты қолына алып, көкке қарап Құдайдың берген асына шүкіршілік етті.
Солай Иса нан мен балықтарды үзіп, шәкірттеріне берді, ал олар адамдарға үлестірді. Шәкірттері үлестіріп жатса да тамақ таусылмады! Тамақ барлығына жетіп, адамдар тойғандарынша жеді, тіпті артылып та қалды.
Содан кейін шәкірттері қалған нан үзімдері мен балықтарды жинап алғанда, он екі себет толды. Осы тамақтың бәрі Құдайдың ғажабымен бес күлше нан мен екі балықтан пайда болды.