unfoldingWord 19 - Пайғамбарлар
Disposisjon: 1 Kings 16-18; 2 Kings 5; Jeremiah 38
Skriptnummer: 1219
Språk: Kazakh
Publikum: General
Hensikt: Evangelism; Teaching
Features: Bible Stories; Paraphrase Scripture
Status: Approved
Skript er grunnleggende retningslinjer for oversettelse og opptak til andre språk. De bør tilpasses etter behov for å gjøre dem forståelige og relevante for hver kultur og språk. Noen termer og begreper som brukes kan trenge mer forklaring eller til og med erstattes eller utelates helt.
Skripttekst
Құдай бірнеше рет исраилдіктерге пайғамбарларын жіберіп отырды. Пайғамбарлар Құдайдың сөзін тыңдап, оны адамдарға жеткізіп отыратын.
Ахаб Исраил елінде патшалық құрған уақытта сол елде Ілияс есімді бір пайғамбар өмір сүрді. Ахаб жаман адам еді. Ол бүкіл халықтың Бағал есімді жалған тәңірге табынуына түрткі болды. Ілияс Ахабқа былай деді: “Жалған тәңірлерге табынғандарың үшін, енді жаза ретінде мен “Жаңбыр жаусын!” деп айтпайынша, Исраилде не жаңбыр да жаумайтын, не шық та түспейтін болады!” Осыны естігенде Ахабтың Ілиясқа ашуланғаны соншалық ол оны өлтіргісі келді.
Сонда Құдай Ілиясқа шөл далаға барып, Ахабтан жасырынып қал деді. Ол Құдай көрсеткен бір сайдың маңына барды. Күн сайын таңертең және кеште қарғалар оған нан мен ет әкеліп отырды. Сол уақытта Ахаб пен оның әскері Ілиясты қанша іздесе де оны таба алмады.
Біраздан кейін жылғаның суы жаңбыр болмағандықтан тартылып қалды. Сонда Ілияс Құдайдың бұйрығына сай көрші мемлекетке барды. Сол жерде бір кедей жесір әйел баласымен бірге тұратын. Елде астық болмағандықтан олардың тамақтары таусылайын деп жатты. Бірақ олар Ілиясқа қамқорлық көрсеткендіктен Құдай оларды тамақпен қамтамасыз етіп отырды: жаңбыр жауғанға дейін кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады. Сондықтан елді қуаңшылық пен аштық жайласа да, оларда әрдайым жейтін тамақтары болды. Бұл үш жылға созылды.
Ақырында Құдай Ілиясқа қайта жаңбыр жіберетінін хабарлайды. Сонда Құдай Ілиясқа Исраилге қайтып, Ахаб патшаға баруын бұйырады. Ілияс патшаның алдына келді. Абах патша оны көргенде: “Міне, Исраилді қасіретке ұшыратқанның өзі” — дейді. Ілияс оған жауап қайтарып: “Исраилді қасіретке ұшыратқан ол — сенсің! Сен шынайы Құдайды, Жаратқан Иені тастап, Бағалға табынып кеттің! Исраил тұрғындарының барлығын және Бағалдың жалған пайғамбарларын Қармил тауына жина” — деді.
Ахаб солай істеді. Исраилдің барлық тұрғындары Қармил тауына жиналды. Бағалдың атынан сөйлейтін адамдар да келді. Олар Бағалдың пайғамбарлары еді. Ілияс адамдарға: “Сендер қашанғы екі ойлы болып жүре бермексіңдер? Егер Жаратқан Ие — Құдай болса, онда Жаратқан Иеге табыныңдар! Егер Бағал — Құдай болса, онда Бағалға табыныңдар!” — деді.
Содан кейін Ілияс Бағал пайғамбарларына: “Бұқаны сойып, оны бөлшектеп, құрбандық орнына қойыңдар, бірақ от жақпаңдар. Содан соң мен де дәл солай істеп, малды құрбандық орнына қоямын. Кім құрбандыққа от жіберсе, сол шынайы Құдай” — дейді. Бағал пайғамбарлары құрбандықты дайындайды, бірақ от жақпайды.
Содан кейін олар өздерінің құдайларына былай деп сиына бастады: “Уа, Бағал, бізге құлақ сал гөр!” Олар күні бойы дұға етіп, айқайлап өздерін пышақпен тіле бастады. Бірақ Бағал оларға жауап бермеді және от та жібермеді.
Бағалдың пайғамбарлары оған күні бойы дұға етті. Кешке қарай олар дұғаларын тоқтатты. Сонда Ілияс малды алып Құдайға арналған құрбандық шалатын орнына қойды. Ол құрбандық шалатын орынның айналасы су болғанша, малдың еті мен отынның үстіне адамдарға он екі құмыра су құйғызды.
Содан кейін Ілияс былай деп дұға етті: “Уа, Жаратқан Ие — Ыбырайм, Ысқақ пен Жақыптың Құдайы! Сен бүгін Исраил халқының Құдайы екеніңді, ал мен сенің қызметшің екенімді көрсете гөр. Маған жауабыңды берcең, бұл адамдар Сенің шынайы Құдай екеніңді білетін болады”.
Сол сәтте аспаннан от жалыны түсіп, құрбандықты, отынды, тастарды өртеп, тіпті құрбандық шалатын орынның айналасындағы суды да құрғатып жіберді. Адамдар соны көргенде, етбетімен жерге құлап айқайла бастады: “Жаратқан Ие — Сен шынайы Құдайсың! Жаратқан Ие — Сен шынайы Құдайсың!”
Содан кейін Ілияс былай деді: “Бағалдың пайғамбарларына қашып кетулеріне жол бермеңдер”. Халық Бағалдың пайғамбарларын ұстап, басқа жерге алып барып, сол жерде көздерін құртты.
Ілияс Ахаб патшаға былай деді: “Үйіңе тез арада қайт, қатты нөсер басталайын деп жатыр”. Көп ұзамай аспанды қара бұлт басып, қатты жаңбыр құйып кетті, себебі Жаратқан Иенің бұйрығы бойынша қуаңшылық біткен еді. Бұл Оның шынайы Құдай екеніне дәлел болды.
Ілияс жердегі қызметін аяқтағаннан кейін Құдай Еліше есімді адамды Өзінің пайғамбары етіп тағайындады. Құдай Еліше арқылы көптеген кереметтер жасады. Нағыман деген әскер қолбасшысымен бір таңғажайып оқиға болды. Ол емделмейтін тері ауруымен ауыратын. Еліше туралы ести сала Нағыман оған барып, өзін сауықтыруын өтінді. Бірақ Еліше Нағыманның алдына шықпай қызметшісі арқылы оған Иордан өзеніне жеті рет шомылып шықсын деп айтып жібереді.
Алдымен Нағыман Елішенің оның алдына тіпті шықпағанына ашуланып оның айтқанын орындағысы келмеді. Бірақ кейін райынан қайтып, Иордан өзеніне барып жеті рет суға түсіп шомылып шығады. Судан шыққанда Құдай оны ауруынан құлан-таза сауықтырады.
Елішеден кейін Құдай Исраил халқына көптеген пайғамбарларды жіберіп отырды. Барлығы оларды теріс жолдарынан қайтып, бөтен тәңірлерге табынбай, адамдарға адалдықпен қарап, мейірімділік танытуға шақырды. Пайғамбарлар адамдарға, егер зұлымдық жасауларын доғармай, Құдайға мойынсұнбаса, Құдай оларды соттап, кіналары үшін жазалайтынын ескертті.
Бірақ халық көбінесе Құдайды тыңдағысы келмеді. Адамдар пайғамбарларға жиі қатыгездік танытып отырды. Осылай Еремия есімді бір пайғамбарды өлсін деп кеуіп қалған құдыққа тастады. Патшаның оған жаны ашып, өліп қалмас бұрын нөкерлеріне оны құдықтан алдыртқанға дейін, ол белшесінен балшыққа батып отырды. Адамдар Құдайдың пайғамбарларын жек көрді, кейбіреуін тіпті өлтіретін.
Олардың жек көргендеріне қарамастан пайғамбарлар адамдарға Құдайдың сөзін жеткізіп отырды. Егер олар теріс жолдарынан қайтып, тәубеге келмесе, онда Құдайдың оларды құртатынын ескертіп, Оған мойынсұнуға шақырып отырды. Сонымен қатар пайғамбарлар Құдайдың Мәсіхті жіберуге уәде бергенін адамдарға естеріне салып тұрды.